Қағып ап қарағайдай мүйізімді
Айналды бір суық жел жан қоймасқа,
Шама жоқ жапырақтай сарғаймасқа.
Келсабтың тұмсығындай көп соғылған,
Бұл күнде төбе тықыр, маңдай қасқа.
Жүріп-ақ ортасында ағайынның,
Басымды тау мен тасқа талай ұрдым.
Жүзіме өшпес таңба салып жатыр,
Долданып беттен алған көкайыл күн.
Құбылды қырық мәрте, шіркін, заман,
Сайтандай артын ашып жырқылдаған.
Сырмақтай тозып біткен дүние мынау,
Көтеріп шаңын қақса бұрқылдаған.
Тасырға қашан түзу сөз дарыған,
Әр нәрсе арта қоймас өз қабынан.
Шөліне Кербаланың барады ұқсап,
Кең жаһан жалт-жұлт етіп көз қарыған.
Қуалап қиырдағы көк сағымды,
Күлігі көңілімнің көп сабылды.
Қағып ап қарағайдай мүйізімді,
Біреулер күмістеген шақша қылды.
Баймен де, патшамен де тең жүр едім,
Төбеме кедейшілік төнді менің.
Көрініп өз мүйізім өзіме алтын,
Қолына әлде кімнің телміремін.
Мүсіркеп бірақ ешкім жарылқамас,
Қырқысқан қайда барсаң қалың талас.
Қол сынса жыртық жеңнен қайыр бар ма,
Бүркейтін бөрік те жоқ жарылса бас.
Бұйырар ит пен құсқа жемтік емен,
Дариға, дәурен қайда мен тілеген?
Уақыттың сұр мысығы аңдуда енді,
Торғайдай тірлігімді тентіреген…