Дарақыға дара болмас
Алматының ғимараты ығы-жығы, қым-қиғаш,
Көлеңкелі терезеге күннің көзі нұр құймас.
Мейрамхана бай-мырзасы, сырахана сұлтаны –
Қашан көрсең қалқып жүзген біздің қазақ ылғи мас.
Алматының көшелері өрмекшінің торындай,
Бауырына өрлеген құрт Алатаудың сорындай.
Шарап буы бұрқыраған дыр-думанның ошағы,
Маскүнемге қаскүнемнің қазып қойған орындай.
Төс бастаудың тұнығынан бойлап ішкен су жалдап,
Қазақтың бір қалтасына бес қол түсер сумаңдап.
Аңыздағы тезегі алтын көк есекті көргендей,
Майлыаяқтай майысады даяшылар жылмаңдап.
Дарақыға дауа болмас екі етегі далиған,
Жуырмаңда жүдемейді, тілемейді ол иман.
Қара қазақ құлап түссе, сұлап жатып жөн айтар,
Кеңірдегі бүлкілдеген, күркілдеген сары Иван.
Бұл жалғанда жымысқы жоқ жыбырлаған өңештей,
Ақымақтың аты жүрмес айдарынан жел еспей.
Өз өмірін қылқылдатып өзі жұтқан сабаздың
Басындағы қауашағы түбі тесік тегештей.
Сең соққандай сенделгенде аңдай алмай бағытын,
Әкесінің сатуға бар көрде жатқан табытын.
Азғындықтың арбасына жын-шайтанды тиеп ап,
Мойнына іліп мықшыңдайды мехнаттың қамытын.
Шамданар деп сескенбейді ата-баба киесі,
Ақ бетіне жағылса да қазанның түп күйесі.
Түнді жара арқырайды арсыздықтың айғыры,
Әлде қайдан кісінесе сайқалдықтың биесі.
Өзі үйренген, көзі үйренген жандар оған қам жемес,
Сырты бүтін, іші түтін дертті қала ләм демес.
Шошқа аунаған ми батпаққа қой да барып аунамас,
Ит жалаған арам суға адал ауыз дәндемес.
Ей, Алматы, жерінгенде кетем қайда көшіп мен,
Қазақ болып туғандықтан дұшпаным көп өшіккен.
Кей түндерде түсіме енсе қалың жылқы, көк жайлау,
Ертеңінде сүйретіліп әрең шығам есіктен.