20.05.2022
  144


Автор: Несіпбек Айтұлы

Бақ мөлшері бармақтай

Бұл пәниден қайтпаған қай пенденің меселі,
Шашымнан көп санасам шырмап алған кеселі.
Бақ мөлшері бармақтай, Тәңірі кімге жеткізер,
Соры бар жұрт қаншама маңдайында бес елі?
Тон бұйырмас кедейге көктен тері жауса да,
Байға құдай болысқыш артқан теңі ауса да.
Бұзауы өлген сиырдай тақыс тірлік тас желін,
Жібімейді жарлыға жездей қақтап сауса да.
Сардарынан күй кетсе, сарбаз күні не болар,
Қарақорым шатқалдан жол таба алмай омалар.
Кешегімді ойласам, бүгінгіме бойласам,
Көз алдыма келеді қарауытқан обалар.
Арғымақтар мертікті аузымен құс тістеген,
Алпауыттар түгеді тау қопарған күшпенен.
Тозған елге қырсықса, азған заман тап келер,
Кәрі төбет секілді өлі жүні түспеген.
Қайран қазақ ежелден қара суға семірген,
Аш-жалаңаш қалса да түңілмеген өмірден.
Аяз қысса, қазықта шырайналып сақылдап,
Буырқанған бурадай өз тізесін кемірген.
Құлы болдық ғасырдың басы айналған қиялдан,
Жан көрмедім өрескел қылығына ұялған.
Елді ақыры батпаққа батырған соң белшеден,
Ақылшылар алдырдық ит арқасы қияннан.
Сарқылдаған қазандай қайнаса да зығырдан,
Өз дегенін істейді қаны қатқан сығырдан.
Шыңыраудың түбінде мөлдіреген су барда,
Көнек байқұс құтылмас шынжырлаған шығырдан.
Бұғауды кеп бұзбаса құдіреттің пәрмені,
Бұлқынғанмен жетер ме бейшараның дәрмені.
Парықтамас бейнетті көк есекке бәрі бір,
Өлімтіктің өмірі көпке тимес жәрдемі.
Ел мұратын мансапқа сатқан надан не білер,
Жем іздеген тауықтай қоқыс көрсе емінер.
Жапалаққа жар басы заңғар шыңдай елестеп,
Көртышқанға жер асты самаладай көрінер.
Күпінгенмен құр босқа көрпең қайсы көсілер,
Жатқанменен тас батқан жауыр жамбас тесілер.
Қалың тобыр ішінен тани алмай қалдым ба,
Кешірім ет бар болсаң, еңіреген есіл ер!?
Ат басындай алтыннан қымбат қара тырнағың,
Саяқ жүрген кім жинар жақсылардың жұрнағын?
Ақсұңқардың сағындым қанатының суылын,
Шулағанмен не пайда көптігінен тырнаның?
Жар бола гөр, Жаратқан, тірлік темір құрсауда,
Қайда барсаң бүтінді бөліп-жарған бір сауда.
Сумаңдаған суық қол суырып ап қолқаны,
Адам қанын уыстап ақша орнына жұмсауда.
Базарға сап құранды, саудалаған Алланы,
Пасық пиғыл пысықтың орындалды арманы.
Сұрауы бар емес пе сарқыраған судың да,
Асықпаңдар, ағайыын, Ар майданы алда әлі!..





Пікір жазу