Тәтті іздеген таңдайым
Сөз тәттісі ақынның тілі ұшында,
Май тәттісі қарынның құрышында.
Жарқанаттың ұясы жарқабақта,
Ұлар құстың мекені ұлы шыңда.
Місе тұтқан өз орнын тірі жан жоқ,
Әлімсақтан алысып, жұлысуда.
Тәтті іздеген таңдайым удай ашып,
Өрт шалқиды өмірдің тынысында.
Замананың бұралаң, бұрысында,
Құламауға әркім де тырысуда.
Қу дүние қойсын ба қағыстырмай,
Бірі сырғып қиядан, бірі ұшуда.
Барған сайын қар жауып қабағынан,
Арқа-басы уақыттың құрысуда.
Өткенді айтсам өксік тұр көмейімде,
Теке қойдық кірменің шыбышын да.
Шашым кетті ұстаған уысында,
Басым кетті сілтеген қылышында.
Тектілердің тұқымы тозып бітті,
Түрме менен көшенің бұрышында.
Жерім байтақ болғанда, қайғым шексіз,
Әзірейіл батыс пен шығысымда.
Үрейленем қалғандай үміт үні,
Қыстаудағы қурайдың дыбысында.
Аққан жылдар сынаптай жылысуда,
Қобыз мойын аққуым құнысуда.
Ел тағдырын біреулер шешкенсиді,
Қолын малып отырып жылы суға.
Қалыңдаса көпшігі қопаңдайды,
Мұршасы жоқ жайыңды ұғысуға.
Жанға жинап жандайшап, туысын да,
Түзу жүрген жақсымен суысуда.
Ұлтарағын ұялмай туға байлап,
Ұлық қылды қарақшы, ұрысын да.
Ел азғаннан ер азған сорақы екен,
Өлсең көрмес үңгірдің қуысында.
Бүйткен тірлік, ағайын, құрысын да,
Қашқаннан соң құтың да, ырысың да.
Сорпадай боп сорымыз сарқылдайды,
Толып бермес тажалдың ыдысында.
Ерні жалақ ұрпағың ертең тағы,
Жалға жүрер жуанның жұмысында.
Ашық аспан астында адасарсың,
Жол таппасаң есіңнің дұрысында.