20.05.2022
  157


Автор: Несіпбек Айтұлы

Жыр-шашу

«Бісмілла!» – деп сыйынып, ауызға алып Алла атын,
Қызыл тілім толғасын Құл-Мұхаммед зәузәтын.
Қызыр баба о бастан тірісіне бақ сыйлап,
Өлісіне бұйыртқан о дүниенің жәннатын.
Желкілдейді үкісі түлеп ұшқан ұяның,
Терең тартқан тамыры тарам-тарам мияның.
Жетпіс бесте жайнаған, тұғырынан таймаған,
Тұрпатынан танисың шын асылдың тұяғын.
Бір Алладан адамның жұлдызының жанбағы,
Жетпіске кеп, жарқырап қасында отыр жан-жары.
Абрардай әкенің, Гүлғасылдай шешенің,
Алма ағаштың мәуелі бұтағындай жан-жағы.
Көш бастаған Мірхалид Абрардың бабасы,
Мұхаммедтің үмбеті, мұсылманның баласы.
Құл-Мұхаммед-атасы, өз әкесі - Әкетай,
Саф алтынның сарасы, ешкімнің жоқ таласы!
Көш сүрлеуі Түркістан-Тарбағатай арасы,
Ақтайлақ би ауылы – ат байлаған ағашы.
Түп қазығы – Бақсайыс, Сыр бойында сүйегі,
Пайғамбардың ұрпағы, дін жолының данасы!
Айтпай кетсек анығын, өлер сөздің атасы,
Қожалардың қонысы – Сарыарқаның жотасы.
Аягөзді мекендеп, мешіт ашқан кешегі,
Әулие еді Мірхалид көпке тиген батасы!
Көкіректе көзі бар кісі болса сөз ұғар,
Шежіренің сорабы осылайша жазылар.
Құл-Мұхаммед молланың төрт ұлының үшеуі,
Мәдина мен Меккеге барып қайтқан қажылар.
Аты шықса жақсының құлағымыз елеңдер,
Түзу жолға түлегін салған әке – кемеңгер.
Ағайынды үш қажы Әкетайдың ағасы –
Қожа-Ахмет, Ескендір, Сейіт-Ахмет дегендер.
Соққан кезде ызғарлы саясаттың дауылы,
Арғы бетке аунаған қажылардың ауылы.
Ақсұңқардың түк етпес қауырсыны жұлынса,
Хас тұлпардың білінбес арқасының жауыры...
Өтті бастан күркіреп замананың нәубеті,
Қаулап өсті қайтадан әулиенің әулеті.
Аққу ұшып, қаз қонған шалқар көлдің суындай,
Шартарапқа жайылып, шалқып отыр дәулеті!
Ұлылардың рухын медет тұтар тек қана,
Ұрпақ қамын ойлаған текті әке мен текті ана.
Қанатынан жел есіп, сан қиырда самғап жүр,
От басынан өрбіген балапандай топ бала.
Саласындай саусақтың бес ұл, бес қыз өрімдей,
Талаптыға нұр жауар, еңбек етсе ерінбей.
Бақыт сол ғой әкеден мирас қалса балаға,
Бабасының теріге басып кеткен мөріндей.
Бәйтеректің бұл күнде жапырағы гүлдеп тұр,
Бес ұлынан шығыпты қос кандидат, бір доктор.
Абрардың баласы «әй, кәпір-ай!» дегізіп,
Абройының жағасы көрген емес кірлеп бір!
Заман қандай, ағайын, көтеретін жүк қандай!?
Болдық, міне, саралап ата жөнін ұққандай.
Мұрагері Алаштың, құлагері жұртының,
Ата-анада арман жоқ ұл тудырған Мұхтардай!
Тоқтатайын осымен, бұдан әрі не дейін,
Жырлай берсем бүлкілдер маржан төккен көмейім.
Қасиетті ата-ана, қол жаяйық батаңа,
Құтты болсын тойларың, арта берсін мерейің!..





Пікір жазу