Қоштасу
Қош-есен бол, кіндік қаным тамған жер,
Кім болғаны сені ұмытса жалғанда ер?
Жүрегімді жібек жіптей кеміріп,
Өле-өлгенше қара күйе - арман жер.
Барлық пенен Тарбағатай ортасы,
Тұнып жатқан топырақтың тортасы.
Еміл менен Қараүңгірдің өзені,
Бал татыған судың майлы сорпасы.
Қайран өлке, қырандардың тұғыры,
Бізге қайта бұйырмайсың ғұмыры.
Төскейіңнен Қубас тұлпар түгілі,
Естілер ме қасқа тайдың дүбірі?
Арқалаумен саған деген парызды,
Сан боздағың арпалысып жан үзді.
Сәби күнім өксіп қалған жұрттағы,
Менен медет күтетұғын тәрізді.
Қысқа өмірде мың марқайған, мың азып,
Таусылмастай табар дейсің кім азық?
Көшіп-қонбас зираттары бабаның,
Жат қолыңда күңіренеді құлазып.
Қош, бейнетке бөккен таудың бөктері,
Перзентіңе ұжмағыңның жоқ төрі.
Тастарыңа талып жетіп дауысым,
Жер түбінен мен ұлитын көк бөрі.
Қош, Шәуешек, қолдан-қолға алмасқан,
Ақ бесігім, айықпайтын шаң басқан.
Жасқа толы жанарымда кетті ойнап,
Жүзінен қан тамшылаған алдаспан!