20.05.2022
  142


Автор: Несіпбек Айтұлы

Есіл де есіл, есіл күн

Есіл де есіл, есіл күн,
Еш кетсең мені кешіргін?
Сары бел жұтқан сағымдай,
Санама сені көшірдім.
Сол жақта енді жасайсың,
Барында ақыл-есімнің.
Үзіліп кетсем есен бол,
Үстінде кіші бесіннің.
Бақилық мекен-тұрағың –
Тоқтаған жері көшімнің.
Менімен бірге құласаң,
Томардай түптен кесілдің.
Кесілген емей немене,
Батқаны мәңгі кешіңнің.
Обалың кетсе мойнымда,
Опасыз, ойсыз досыңмын.
Опаттан аман сен жаса,
Орнында қара қосымның.
Өлтірмес үшін өзіңді,
Қағазға қанша тесілдім.
Көзімнің алды мұнартып,
Көкала бұлттай жосылдым.
Көлеңке тартса бұлт асты,
Ымыртқа барып қосылдым.
Айналып ымырт іңірге,
Томсара түссе тосылдым.
Іңірдің соңы-қара түн,
Қабағын түйсе шошындым.
Лапылдап жанған, маздағым,
Келмейді-ау сені өшіргім.
Ақ сәуле шашқан, тәңірім,
Арқаңда талай есірдім.
Есірген емей немене,
Жосықсыз, жөнсіз көсілдім.
Түйілмес жерде түйіліп,
Шешілмес жерде шешілдім.
Кеудесін керген көнектей,
Қақпадым қолын кесірдің.
Қатігез дұшпан алдында
Жібектей жұмсап, есілдім.
Ала алмай құнын қор болдым,
Ел үшін құрбан есілдің.
Есіл де есіл, есіл күн,
Тағасың маған несін мін?
Тұрасын соққан тұлпардай
Табаным тозып, осылдым.
Қайрақтай өткір қызыл тас,
Қасқасын тілді төсімнің.
Атадан қалған сары жұрт -
Арасы Еділ, Есілдің.
Киесін білер бір құдай,
Иесі өзің десін кім?
Боз төбе сайын боздаған
Бодауы бар ма өшімнің?
Түлігім жатқан тепсеңге,
Өгей шөп әкеп өсірдім.
Өгейлік емей немене,
Қамшысын жедім көшірдің,
Боздағы шыққан бетінен,
Жетімі құсап жесірдің.
Мүйізі мұқыл бұғыдай
Бұғынып ғұмыр кешірдім.
Есіл күн, саған шағынам,
Тәңірге балап табынам.
Баянсыз мынау заманның
Бағдарын енді не қылам?
Қай жаққа өзің зуласаң,
Сол жаққа мен де ағылам.
Сабылсаң бірге сабылам,
Сарылсаң бірге сарылам.
Күлпарша болған шыныдай,
Шағылсаң бірге шағылам.
Жоғалсаң бірге жоғалып,
Табылсаң бірге табылам.
Адамға біттім бағынып,
Өзіңе енді бағынам.
Көктемді сонау сағынам,
Өткенді сонау сағынам.
Оралтшы соны бір сәтке,
Ойпыр-ау, шындап жалынам!
Жерімес құлан қағынан,
Безінбес бұлбұл бағынан.
Ақтаршы бүккен сырыңды,
Ағымнан мен де жарылам.
Патшалар таяр тағынан,
Таймайды өмір заңынан.
Жүгімді менің жеңілдет,
Құйындай ұйтқып, кағынам.
Шаппайды тұғыр арыған,
Аспайды толқын жарынан.
Ексең де, қанша сепсең де,
Өнбейді арпа тарыдан.
Нығарлап тықпалағанмен,
Артпайды астық қабынан.
Сынады найза сабынан,
Саңлақтың соры жабыдан.
Жараның ізі өшкенмен,
Өшпейді таңба қарыған.
Айналып күлге жатса да,
Қоламта қоздар табынан.
Қалпына келмес кейіп жоқ,
Қозғайтын болсақ арыдан.
Арыдан тартсам талығам,
Беріден тартсам тарынам.
Жапанда жалғыз қалғандай
Қараптан-қарап жабығам.
Бұрқаған үрей шаңынан,
Баса алмай аяқ-шалынам.
Көлденең түскен кер кезең,
Аумайды жыртқыш тағыдан.
Атып бір тұрса арс етіп,
Аржағы жұмбақ, нені ұғам?
Қиғылық салса қияпат,
Құтылу қиын долыдан.
Бұқаның жеген таяғы,
Бұзаудың шықпас жадынан.
Адамға сірә сипатпас,
Жабайы қабан жалынан.
Сыртым бір қоңыр бағылан,
Ішім бір кекті қабылан.
Қабылан айбат шегеді,
Қабанға азу жаныған.
Өз ішіп танып білмеген,
Өзгені қашан таныған?
Мыңқ етпес мәңгүрт мақаудың
Жоғы да жақсы барынан.
Нәрсізден арсыз ұл туса,
Тұқымың қайтып жарыған?
Есіл күн, енді сақ қара,
Ұрынба қанды соқтаға.
Атанды жығар ақ түтек,
Алпыс жыл ұдай соқса да,
Жаһанды жайпар жаһил жел,
Жетпіс жыл ұдай соқса да,
Аспаннан жұлдыз ақса да,
Күн көзін тұман жапса да,
Қайыңнан алған қазықтай
Жаныштап жерге қақса да,
Бұғауды бұзып шыққанша,
Бастағы қайғы жоқ сана!
Алыстап кеткен ақ орда -
Ұшында көздің ақ тана.
Кереге түбі кебеже,
Босаға басы тоқ саба.
Көгенге толы төліңді
Күңіреніп босқа жоқтама!
Жылаудан көзің көрсоқыр,
Кеудеңді тескен оқ қана.
Күмістей, күнім, сыңғыра,
Сынаптай сусып, сырғыма.
Не көрсем көрем өзімнен,
Тақпаймын саған бір кінә.
Борша да борша бөлініп,
Көмейге түстім қылғыма.
Асылға зәру болған соң,
Басымда дәурен тұрды ма?
Жайпақтап жердің биігі,
Жапалақ қонды тұрғыға.
Жайдақтап судың тереңі,
Шүңеттей болды шұңғыма.
Түймедей көзім қалғыма,
Томардай басым шұлғыма!
Қоңырсып шыкқан құрымдай
Күйімді ұғар кім мына?
Ұры тіс шыққан азудай
Ұртыма талай ұрды да,
Езуден ақса қызыл қан,
Есіркеп мойын бұрды ма?
Қарағай сынды қабырғам,
Күтір де күтір сынды да,
Құлаған таудай гүрс еттім,
Шыдамай жебір бұрғыға.
Бұрқ етті шаңым аспанға,
Қаралы шашын жұлды да.
Жалғанның жүзін жасырды,
Қап-қара перде құрды да.
Еңіреп кеткен, есіл күн,
Осымен зарың тынды ма?
Өткенге тие берсін деп,
Өлеңмен жаздым бір дұға!..





Пікір жазу