20.05.2022
  165


Автор: Несіпбек Айтұлы

Мұхтар мен абыз

I
Ақ домбыра, еңіре, қара қобыз, күңірен,
Аш күзендей бүгілем, алдыңа кеп жүгінем.
Алтын сақам үйірген алшы тұрмай тігінен,
Тайқып барып тәйкесі, жатып қалды бүгінен.
Сыры бөтен сойқанның сескенемін түрінен,
Суық ызғар соғады тас түнектің түбінен.
Қара шұнақ лағың-құрбандығың болайын,
Ал, тебірен, аруағым, күнімен де түнімен!
Қиянаттың қамшысы сұр жыландай қайқы бас,
Сілтегенде ысқырып, зәр шашады тілінен.
Жұмырыңа жұқ болмас іркіт ойым іріген,
Не табасың, қызыл тіл, ит жалаған күбіден?!
II
Көмейіндей ажалдың қуыс түрме қараңғы,
Иірімдей тартады ін түбіне адамды.
Жан-жүрегін мұздатқан соқыр-мылқау зіл батпан,
Көрсетпей тұр Мұхтарға мынау жарық ғаламды.
Тажал мініп тағыңа, түлен түртсе шабына,
Бас көтерсең зынданға батырады қараңды.
Кісенделген тұлпардай тар қапасқа қамалды,
Шырғалаңнан құтылар қалай табар амалды?
Ой соңында сарылып, кірпік ілсе талығып,
Шыңғыстауға түсінде шыққан екен самалды.
Ақ сақалы желпілдеп, ақ селеудей селкілдеп,
Күңірене қарсы алды Нысан абыз заманғы.





Пікір жазу