20.05.2022
  155


Автор: Несіпбек Айтұлы

Басымнан қымбат сөз құны

Жалынын кешіп жас шақтың,
Дос таптым талай, қас таптым.
Алыстан көзге шалындым,
Маңдайы құсап қасқа аттың.
Арманның белін талдырмай,
Жалғанның сырын ашпақ кім?
Ойға да түстім опындым,
Тауға да шықтым, тас каптым.
Артымда қалды асқақ күн,
Азырақ шаршай бастаппын.
Терісі қалың жылдардың
Тоздырып тонын тастаппын.
Өксігін жұтып мың күйдің,
Өтіме ащы мұң кұйдым.
Аранын ашып жыландай,
Десе бір тағдыр қылғимын,
Шырылдап тұрып, шыбындап,
Несіне басты шұлғимын?
Бетінде өр мен ылдидың,
Сусыған желдей сырғимын.
Бауырлап ұшқан бұлттардың
Басынан бір-ақ ырғимын.
Тұяғы батпас жыртқыштың,
Бөтегем болат қырғимын.
Тайынбай түсіп топқа мен,
Тұлпардың түгін жоқтап ем.
Періште келіп қаққанша,
Пері кеп соқты ноқтамен.
Айналды бәрі елеске,
Жетем бе қуып жоққа мен.
Алтынды ердің арқасы –
Опырса сынбас оқпан ем.
Сүрлеудің таныс тармағы -
Атадан қалған соқпақ ем.
Өзенді судың аңғары –
Өткелсіз жерге тоқтап ем.
Өлеңге орап жанымды,
Өмірлік қамал соққан ем.
Үзілмес үміт сол шығар,
Үркітпес қанды соқтамен.
Бақилық, пенде, сез мұны,
Басымнан қымбат сөз құны.
Құмырсқа тірлік кімде жоқ,
Көп көрген құлдай езгіні.
Әліне қарар Аязби,
Әркімге ауыр өз жүгі.
Уақыттың ұшқыр тездігі -
Жалт ете түскен көз нұры.
Жалп ете қалса қарғадай,
Жаманның шығар ездігі.
Күйрейді құстың момыны,
Кезқұйрық пәле кез күні.
Ажалдың өткір азуы –
Алланың алмас кездігі.
Жел мініп жылды қусаң да,
Жаныңды нұрмен жусаң да,
Желкеңді қимай қоймайды,
Жез мойын болып тусаң да.
Қаларсың түбі құрсауда,
Жылауға келмес мұрсаң да.
Қапаста мейлі тұрсаң да,
Қанатың барда бір самға.
Өмірің екі келмейді,
Басыңды тасқа ұрсаң да.
Торғайдай тірлік ұстатпас,
Сиқырлы тұзақ құрсаң да.
Табаның тайса тұрмастай,
Тимейді қайтып ұлтанға.
Талықпас тұлпар болсаң да,
Бір шаңды қосқан бір шаңға,
Көк бұлттың көлеңкесіндей,
Бетіңе түсер сұр таңба.
Салатын шақта мен дүбір,
Ей, тағдыр, салма сен дігір.
Таңдайға тамшы тамызсаң,
Талыс боп қатқан көн жібір.
Маздайтын кезде енді бір,
Ішімде қанша сөнді жыр.
Айтарымды айтып кетейін,
Азғантай ғана бер ғұмыр?!





Пікір жазу