20.05.2022
  152


Автор: Несіпбек Айтұлы

Құлын көрдім түсімде

Құлын кірді түсіме бүгін менің,
Көрдім анық ойнақтап жүгіргенін.
Жануар-ай, ғайыптан қайдан келдің,
Көптен бері жүректің түбінде едің.
Күлте жалды, сүйкімді торы құлын,
Ойда жоқта қарашы жолығуын.
Еске түсті құлындай құлдыраған
Қайран менің бақытқа толы күнім.
Шаң қондырмай етіне, кір жуытпай,
Зымырайды жануар бұлдырықтай.
Сәбиім-ай, күні ертең сезбейсің ғой,
Мойныңа арқан түсерін қылдырықтай.
Шығады деп ақын боп елге атағым,
Сенен алыс қалада мен жатамын.
Білмейсің-ау, төсіңді айыл қиып,
Үлпілдеген арқаңа ер батарын.
Құлыншағым, құланжал, сұңқар мүсін,
Айналаңа сен-дағы іңкәрімсің?
Тұғырымсың,
Немесе тұлпарымсың,
Топтан озып оқ бойы шырқарымсың?
Алдыңда әлі тау мен тас, жазықтарың,
Тауса алам ба мен оның жазып бәрін?
Жел қанатты, жүйрігім, ұқпайсың-ау,
Аяғыңды шалатын қазық барын.
Көптен бері жүректің түбінде едің,
Мазаладың жанымды бүгін менің.
Есімде әлі кіршіксіз жанарыңа,
Бала кезде сан рет үңілгенім.
Дала көрдім көзіңнен, гүлді көрдім,
Аспан көрдім, жайнаған күнді көрдім.
Жұмбақ еді сол кезде маған-дағы,
Сауырыңды қамшымен тілгілер кім?
Кер бетеге, көк жайлау маған қашық,
Ойға оралса балалық қалам жасып.
Күнәдан пәк, момақан, құлыншағым,
Анда-санда келіп жүр амандасып..





Пікір жазу