20.05.2022
  191


Автор: Несіпбек Айтұлы

Қош келдіңдер. бауырлар

Көңілді алаң еткен қозғап көптен,
Шоқ жатыр көкіректе қоздап шөккен.
Бөлініп бозінгеннің ботасындай,
Бауырлар, армысыңдар боздап кеткен!
Ағайын, қош келдіңдер алыстағы,
Аңсаған атажұртпен табысқалы.
Бір кезде алыстағы өздеріңнен,
Көрінді жұлдыз жақын ғарыштағы.
Өзендей өмір өксіп тасып аққан,
Жел тұрса елеңдедің осы жақтан.
Шықпады түстеріңнен бұл топырақ,
Бабаңның қасиетті басы жатқан.
Сүрленген сарқытындай ескі аңыздың,
Сүрлеуі жатыр солар басқан іздің.
Ұшқан құс, кезген бұлттан сәлем жолдап,
Қамығып қара көзден жас тамыздың.
Мың тәубе Тәңірінің бергеніне –
Оралып Тәуелсіздік келгеніне!
Ат арып, тон тозатын заман емес,
Жеттіңдер құстай ұшып елге, міне!
Құшағын өздеріңе кең жаяды,
Аңырап атамекен сол баяғы.
Өткен мен кеткенді айтып не қыламыз,
Белгілі дүниеге ел баяны.
Ел-жұртпен төс қағысып амандасып,
Жоғары төрлетіңдер, қадам басып.
Жат жерде көз жұмғанға иман берсін,
Жазмыштан құтылмайды адам қашып.
Туыс па амандығын сұраспаған,
Білер ме ел қадірін қыр аспаған?
Көгінде Көк байрағын желбіретіп,
Есігін айқара ашып тұр Астанаң!
Несіне сөзді созып құбылтайын,
Бас қосқан құтты болсын Құрылтайың!
Табыссын шұрқырасып туған елмен,
Шұбырып соңдарыңнан құлын-тайың!





Пікір жазу