Ел деп жүріп
Ел деп жүріп, шөлдеп жүріп, ағып түсті бір ақын,
Атамекен сағынышы тербетумен мұратын.
Жырларынан Баянөлке тауларының лебі есіп,
Былғанбаған Бұлғын суы сылдыр қағып тұратын.
Ақ сауыттан елес беріп ақ боз үйдің тұлғасы,
Найза ұшындай жалтылдайтын арулардың сырғасы.
Көрінетін қиян-кескі замандардың қойнынан,
Ай нұрымен ағараңдап тұлпарлардың қу басы.
Шежіресін шалқытатын қазақ пенен қалмақтың,
Сырына да қанық еді бер жақ пен ар жақтың.
Жасырмайтын бар арманын тонағанын ата жау,
Жүрегіне қадалғанын жылан тілді қармақтың.
Түсіне еніп жатса-тұрса қиырдағы қыр гүлі,
Астананың ол да біраз болып көрді тұрғыны.
Мұқағали ағасындай тез оралған Мәскеуден,
Алматымен қоштасқаны әлі есімде бір жылы.
Аттанарда кірпігінен тамшылатып маржан жас,
Қолын бұлғап кетіп еді достарына армандас.
Қыршын өмір өзегіне тисе ажалдың қылышы,
Тас керең ғой мылқау көрдің қуысында қалған бас.
Тайғанақтап тұғырынан домбыраның тиегі,
Кемсеңдейді қайғы жұтып қара өлеңнің иегі.
Қара жердің тоңған қойны жылынбайтын сияқты,
Шашылмаса шартарапқа ақындардың сүйегі.
Еміреніп, елегізіп таң сарғая, күн бата,
Ұйқыдағы мұңлы жанды әлдилейді сұр жота.
Сорлап кетті сөресіне жете алмаған бір жүйрік,
Боздап кетті енесіне жете алмаған бір бота.