Семей
І
Бүгінгі жұртқа мәлім Жаңа – Семей,
Немене кешегі Алаш қаласы емей?
Шешесін көзге шұқып туған қызы,
Көрінді әкесіне баласы өгей.
Бұл Семей не көрмеді жаралғалы,
Жалғанның жал-құйрығы таралғалы.
Қазандай қайнап жатқан қан базардың
Қақпасы ескіргелі, жаңарғалы.
Ақтарсаң құпиясы күнде ашылған,
Қазына – қатпар-қатпар сыр жасырған.
Керуенді келіп-кеткен кім санапты,
Ресей, Тәшкен, Бұхар, Шын-Машыннан.
Құшағын айқара ашып келген елге,
Иіліп сусын берген шөлдегенге.
Семейдің дәмін татып, сыйын көрген,
Қашқын да, жиһангер де, саудагер де.
Қазақтың құт дарыған қаласында,
Халықтың кім жүрмеген арасында.
Қайыршы, ұры-қары, бақсы-балгер –
Бәрі де пана тапқан кеп сонда.
Семейдің қалқып ішкен қаймағынан,
Би-болыс, батыр-балуан, бай-бағылан.
Сал-сері, әнші-күйші, ақын-жыршы,
Келсе де кең даланың қай жағынан.
Төрінде тебіренген Абай барып,
Әр сөзі атқан таңдай арайланып.
Дүниеге ондай дана екі тумас,
Шықсаң да жер-жаһанды он айналып.
Семейдің кермесіне тоқтай қалып,
Шұлғыған не бір тұлпар ат байланып.
Желпіген жібек самал көшесінде,
Шоқан да серуендеген шоқтай жанып.
Бас қосса осында кеп бар алыптар,
Байқаймын шөгіп жатқан даналық бар.
Киелі топырағынан қуат алып,
Сұңқардай самғап ұшқан бала Мұхтар.
Бұл Семей себеп болған сан ұшқынға,
Сәулесін тартып жақын, алыстың да.
Жарқырап ізі жатыр Сұлтанмахмұт,
Шәкәрім, Әсет, Әлкей, Қаныштың да.
Сынаптай сырғи берсем ойдан-ойға,
Қызыл тіл бұлбұл құстай сайрамай ма.
Дариға, жақсылардың жыры бітпес,
Қажымұқан, Иса, Әміре, Майра қайда?
Тебітіп өте шықты аламан күн,
Тағдырын тасқа соғып әр адамның.
Айтқанмен түгендейсің қайсы бірін,
Қайысқан қазақ үшін қара нардың.
Батарын болжап елдің қара сорға,
Семейге ту қадаған Алашорда.
Алашқа ақжол тілеп күбірлеген,
Асқар тау, ұлан байтақ дала сонда.
Кезінде еріксізден жақ ашпадық,
Сонда да соқпағынан адаспадық.
Бесігін баламыздың «Бісміллә!» деп,
Алаштың рухымен аластадық.
Дұшпанның зіркілдесе зеңбірегі,
Күрсініп ел жүдеді, жер жүдеді.
Семейде құлағанмен Алаш туы,
Халықтың санасында желбіреді.
Еркелеп Ертіс аққан іргесінде,
Семейдің қанша тарих түрмесінде.
Әлихан, Ахметтердің қанын сорған,
Түрменің кегім кетті бүргесінде.
Ер өксіп есерсоқ пен ез қасында,
Арманы мөлтілдеді көз жасында.
Ғасырдың қасіретін арқалаған,
Семейдің өз қайғысы өз басында.
Семейдің айналасы – тау мен дала,
Төрінен тозақ оты сөнген жаңа.
Қалың ел ұйып-жатқан айран-сүттей,
Айқасқан бабалары жаумен ғана.
Күңіренер күлі қалған тау Дегелең,
Не деген тағдыр еді әурелеген?
Көзінен тіршіліктің жас тамады,
Жүрегі секем алып әлде неден?
Уа, Семей, бүкіл қазақ – сен дегенім,
Қазығы бақытымның елде менің.
Мен-дағы өзің құсап әр күн сайын,
Тәуелсіз таң нұрымен емделемін!..
ІІ
Сүйінші! Хабар жетті Семейімнен,
Қалайша «Бәрекелді!» демейін мен!
Жүректің қуанышын жария ғып,
Жарқылда, төгіл өлең, көмейімнен!
Семейім, ерте кезден келе жатқан,
Етпейін тарихыңды неге мақтан!?
Қасыңда қосанжарлап қалмай қойған,
Құтылдың «Семипалат» деген аттан.
Ойға алсам тағдырымды бір заманғы,
Байланып қол-аяғым шырғаланды.
Күзеліп тұлпарымның жал-құйрығы,
Қанаты сұңқарымның жұлмаланды.
Илендік империя тоқпағында,
Еріксіз тізгін беріп жат қауымға:
Кокчетав, Шевченко мен Гурьев болып –
Көкшетау, Атырауым, Ақтауым да...
Келімсек күш көрсетіп сырымды алған,
Өксіді байтақ дала жырымдалған.
Қайдағы Семипалат – Жетішатыр,
Семейтау, Семей, сенен бұрын болған?
Қалпына келіп жатса жердің аты,
Артқаны әр күн сайын ел қуаты.
Тәуелсіз қазағымның арманы жоқ,
Осылай орындалса бар мұраты!
Жетеді өксіп тұрған қалам әлі,
Болса деп туған елдің қалағаны.
Павлодар, Петропавл деген атау,
Шаншудай бүйіріме қадалады.
Жас ұрпақ өз тарихын танығанша,
Тартармыз талай азап әлі қанша.
Ел болып қалың тобыр жарытпайды,
Құлдықтың сүйегінде табы қалса.
Семейім, зардап шектің сан сынақтан,
Алапат ұмытылмас сансыратқан.
Тажалдың тырнағының ізі өшкен жоқ,
Халқымды ғасыр бойы қансыратқан...
Кешегі ел есінде Алаш атың,
Ұлтымның рухына жарасатын.
Семейім, «Семей» деген байырғы атың,
Елдіктің көрсетіп тұр парасатын!
Шертеді шежіресін әр ғасырың,
Зулаған замандардың толға, сырын.
Айқындап алған атың құтты болсын,
Ақжолтай сапарында Елбасының!