20.05.2022
  151


Автор: Несіпбек Айтұлы

Көңіл түбі қараңғы

Лезде лаулап жанатындай,
Жаным менің төкті зар.
Үлбіреген қанатындай,
Көбелектің от құмар.
Жаға алмадым– жазық менде,
Жүрегіңе шамшырақ.
Төгілмесе нәзік сәуле,
Таң көзінен тамшылап.
Торығасың тоты құстай,
Тар қапаста қамаулы.
Қаңыраған бос ыдыстай,
Көңіл түбі қараңғы.
Омырауды шаң қаппасын
,
Жолға шықсам, медет бер.
Қалбаңдаған қаңбақ
– басым,
Енді қайда дедектер?
Ұшқанменен бұлтарып сан,
Өртенеді көбелек.
Құтқармаса бұл тамұқтан,
Сенің нұрың себелеп?!
Басқа түскен теперіштен,
Құтқаратын Құдай бар.
Мендей болып, уа, періштем,
Жанған отпен кім ойнар?
Жеттім десе соған күлем,
Біреу егер бақытқа.
Сұрап келші, ең алдымен,
Сордың дәмін татып па?..





Пікір жазу