20.05.2022
  133


Автор: Несіпбек Айтұлы

Дулат

Армысың, Дулат Бабатайұлы,
Арыстан жүрек дала шайыры.
Сыймас қалыпқа сендей алыпқа,
Мекен болып па, қала тәйірі?!
Даладан мынау кернеген ән-күй,
Садаға кетсін сарай мен сәнді үй.
Шамына тисек кешірсін бізді,
Фирдауси, Жәми, Низами, Сағди.
Білемей ақын азуын Айға,
Пенденің жетпес назы құдайға.
Бөріде қайрат, айбат болмаса,
Бөлтірігінің азығы қайда?
Уа, шамырқанба, даланың ұлы,
Ұйқыңды бұзса қала дүбірі.
Ұлтыңның қайғы-қасіретін жырлап,
Рухыңның сөнбей жанады нұры.
Күңірене ме екен қарадай кісі,
Батпаса жанға дала қайғысы?
Төңкерді таудай тауқымет тасын,
Сендегі жырдың Толағай күші.
Жеріңде шайтан, жын аунағасын,
Ғарышқа шырқап шығандағасың.
Құндақтай көрде қалайша жатыр,
Көне алмай кеткен бұғауға басың?
Қиядан тайып атан құлаған,
Қиямет өтті ботаң жылаған.
Түсіме кірсең ғайыптан келіп,
Беріп кет, баба, батаңды маған!





Пікір жазу