20.05.2022
135
Ақын жанның сүймеген кезі мұңлы...
Ақын жанның сүймеген кезі мұңлы,
Жұптыларға қызғана көз үңілді.
Мен жетектеп келемін жамау-жамау
Сұр көшемен адасқан сезімімді.
Келер күнге бос үміт артам қалай?
Болатұғын жырға арқау жан таңдамай?
Өлеңім де сезімсіз семіп барад
Қол ұстасқан жандарға жаутаң қарай.
Шағыл, сұрғылт күндерде қиын-қыстау,
Қате бәлкім бал сезім күйін нұсқау.
Күйбең тірлік, соғыс-сын ортасында
Шабытым да қап қойды қиыр тұста-ау.
Бұлай әлі ғұмырды неше сүрем?
Өлең-бақта сезімсіз несі есірем?
Көлеңкеммен әзірге жүре тұрам
Жалғыз, жарты адамдар көшесімен...