20.05.2022
  103


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Төртеудің байланысы...

Таң шапағын іліп ап кірпігіңе,
Терезе алдын мекендеп тұр күніге.
Мені ойлаған көңілден Күн түспеген
Шаттық шоши берді ме, күлкі үріге?
Мүлде көнбей уақыттың ырығына,
Мұң бөрісі ішіңнен ұлыды ма?
Жағажайда жай тұрған жүрегіңді
Жауапсыз ғып тастады-ау ұры мына?
Санаңда сөз мен жайлы сап құраған,
Ал бұл сендік ойдағы «пәк бір адам»,
Сәл ертерек сезімге оратылып
Өзге жанның жүрегін ап құлаған.
Тек сол үшін тентіреп не түзде мен,
Жарлы жанға дәл сендей ем іздегем.
Күн жарықта зар болып бейнесіне
Түн жарымда ұйқымды сегіз бөлем.
Жүр үміт тор тоқытып білем бекер,
Аш сезімді түртеді түлен бетер.
Махаббаттың күйдірген сутегісі
Жүрек-жырды бақытпен кім емдетер?
Көз байланған алдымыз тұйық па еді?
Асау аттай армандар иікпеді.
Мен ұнатқан адамның сүйгені бар
Ол сүйгені – өзгенің кейіпкері.
Осыны өмір оқытар қай дәрісті ал,
Кімнің кімге? Білмейміз қайда құштар?!
Сезім жібі көктеген сәтсіз көрпе
Төрт бұрышты адами байланыстар!!





Пікір жазу