20.05.2022
  139


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Мен сен, сен мен үшін

Мен сен үшін
Ойларыңды ораған құйыннанмын,
Қасыңдамын бірақ та қиырданмын.
Тәтті мұңдай тосыннан төніп келіп
Қуаныш боп кеудеңе құйылғанмын.
Сен мен үшін
Жұлдызымсың түнім де жымыңдаған,
Кейіпкерсің жүректен жыр ұрлаған.
Сен арқылы қуат ап күн көзінен
Жүдеу жаным дәл өстіп жылынбаған.
Мен сен үшін
Күлімдеген көркіңе өң беремін,
Өмір жолда төрт құба дөңгелегің.
Санаңды кеп сабаған сырқатыңмын
Тек өзімнен ақиқат, емделерің.
Сен мен үшін
Құпиялы қорғаушым, оққағарым,
Қайығымсың ала алмас «сотқар» ағын.
Көңіліме көктем боп орнатылған
Шабытым сен, ақ парақ, от қаламым...
Мен сен үшін
Сүйіктіңмін, ана-әпке, қарындасың,
Бақытыңның қаладым қабырғасын.
Сен мен үшін тәңірдің сыйы болып
Тағдырымда тосыннан табылғасын.





Пікір жазу