20.05.2022
139
Бұйырмаған балмұздақ
Қалай естен бұл күнді шығарамыз?
Бақыт деген осы да сірә, нағыз.
Болды мынау тосын сый түскен көктен
Суыды деп жүргенде шын арамыз.
Ғашықтардың таңдапсың «жалғыз» бағын,
(Елемей тұр қарайған тал, біз барын).
Әзіл-шын ғып алдында айта салған
Маған деген қолыңда балмұздағың.
Түні де бұл, КазГУ-дың бағы да әсем,
Қараңғылық дәл мұнда табы бәсең.
Айлы түнде есімнен шын адасам
Жайғасқанда, жалғызым, жаныма сен.
Дәл қасыңда өлген ой тірілді анық,
Тіл ұшымда тұр сезім тығындалып.
Балмұздағым байқалмай түсіп қалды-ау
Ойда-жоқта кеткенде діріл қағып.
Ашылуға ынтамен жүгінсекте-ей,
Ғашықтықтың бердік-ау жырын шеттей.
Бір-ақ сағат! Кездесу аяқталды
Әңгіменің мен күткен жібін сөкпей...