20.05.2022
  116


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Қоғам сыры

Алдамшы сезімге бір сәттік,
Адамдар берді ашып ар-құлпын.
Танытып нәпсіге жұмсақтық,
Тудырар теп-тегін жан құртын...
Түседі «бақыт» деп отқа да аз,
Алады арқаға мұң үйе.
Сананы билейді көк қағаз
Жанарды байлайды дүние...
Адалдық қалғандай қысырақ,
Жалаңдық жауына таланад.
Шетте тұр, шыңғырып – ысырап,
Тоқтады, сол жерге қанағат...
Астамдық қанатын қомдады,
Мастанды адамдар мінбірде.
Көңілді күпті істер торлады,
Ақылды ой айналды күңгілге...
Иманның жүректе кем ізі,
Шытынап кетердей Ар-айна.
...Ақымақ жоқ бізде, негізі
Басы бар бәрінің, алайда...





Пікір жазу