20.05.2022
  122


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Сұм ойлар ұрлығы

Бейнеті бітпейтін тірлікте
Шаттыққа жан болдым зарыққан.
Жанарды тіктетіп бір нүкте
Айнытты адами қалыптан.
Қанымда тулайтын құлшыныс,
Ұйысқан уайымнан сескенді.
Күнбе-күн жалғасып кіл «сүр» іс
Табалмай қойдым-ау еш «менді».
Ертегі сәтті енер көкседім,
Безініп бәрінен, түңіліп.
От шерім, мендегі кексе мұң
Өртейді өзекке тығылып.
Келешек шамына май танбай,
Қошқыл тек қалғандай түтіні.
Шабытым – алыстан айқайлай
Бітімін жоғалтты, күтімін.
Күңгірт ой санамда шапқылап,
Салдырды себепсіз әуреге.
Бұрымнан ұстап мұң лақтырад
Аяусыз әр «қалай» әр «неге».
Өткен күн ертеңді тізгіндеп,
Етеді жолыма әмірлік.
Келмеске кеткен сол күзді «үрлеп»
Жасап жүр сұм ойлар әлі ұрлық.
Түсініксіздік...





Пікір жазу