20.05.2022
  114


Автор: Мөлдір Дарханбаева

Сұрғылт бөлме

Сұрғылт бөлме. Шұбар сағат сыртылы,
Сыңар ойдың жел өткізер жыртығы.
Бір-бірімен кеңесет те, жебесер
Жүрек-үні, сыр-тілі...
Күннің қайтқан сәулесінен кіл сарғылт,
Сан елеспен, жан егескен мұң шалды үт.
Құрғыр қиял түсірер ме құл күйге
Мұнша албырт?..
Осы кештің дидары-үсік, өңі-дау,
Түнге ұласқан түсіреді жолына-ау.
Шылдырррррр
Уф, жүрегім, селк еттім
Есті айырды есіктегі қоңырау!
Сен екенсің, қола құйған бұ мүсін,
Қырық жылдық қайғы ерткен жүрісің.
Сұр үйіме шырақ ұстап кірмесең
Келген ісің құрысын...
Көңіл-күңгірт, көзіңде тұр күз-жаңбыр,
(Жоқ болып тұр, Секірер-ор, құз-қарғыр).
Түсіндір деп қоштасудың қылығын
Сұрамаққа келдің білем қыздан бұл...
Үнсіздікке байланады тіл бекем,
Жанарымда жүздей жауап жүр, көкем.
Сілкілеме сырты қалған сорлыны
Құр бекер...
Алдыңда біл, күш-көктеген, әл-құрай,
Ақталмаған ар тұр-ай!
...Шығып кеттің, бейнеңді ертіп күнәсіз
Кешір!
Есік-тағдыр ашық қалды жартылай...





Пікір жазу