20.05.2022
139
Екеумізге тағдырдың аз ба сыйы?
Жылатамыз жүректі, жығып ұрып,
Буындырар қызғаныш жібі қырық.
Ертең-ақ біл, өкініш айта отырар
Махаббаттың бітпеген жыры қылып...
Махаббаттың бітпеген одасы деп,
Қоштасуға біз қашан жол ашып ек?
Мың шүбәға байланған жүректердің,
Тұрғызылған себепсіз моласы көп.
Қызғанышқа қамалып құлдық ұрып,
Ақ сезімге салмалық мұңды құлып.
Екеумізге тағдырдың аз ба сыйы?
...Ішімізде көп сұрақ тұр бұғылып...
Белгісіздік – ұрыстың түзіп сыртын,
Тәтті күннің жіберді-ау бұзып шырқын...
Жарығым-ау, көп қой, көп алдымызда
Біз көрмеген шаттық пен қызық шіркін!
Бақыт жасы кетпесін кермектеліп,
Кикілжіңге қайтеміз ермекке еріп?
Жаным, бейуақ өтінем жүректерді,
Отырмалық өкіріп, жерлеп келіп...