20.05.2022
140
Қарашығым
Қасаңсып кеткен сәттерде,
Өзіңе ғана жүгінем.
Мұздаған мынау қат кеуде
Сезіммен сендік жібіген.
Жабулы тұрған жүректің
Түндігін аштың кенет кеп.
Түсірсе жанға мұң екпін
Емдеуге көштің ебектеп...
Көзімнен шыққан ақықты
Таусылар ма екен, жұта әлің?
Тым ұзақ күткен бақыттың
Жаныма септің жұпарын.
Түн басқан шақта төрімді,
Таң болып аттың алдымнан,
Өзің боп өмір көрінді
Қасіретінен арылған...
Толысып тірлік кемдігі,
Сен болып қонды құтты бақ.
Қарашығым қымбат, ендігі
Қолымнан ұста, мықтылап!