20.05.2022
143
Ашу-тасқа барынша қайраламыз...
Ашу-тасқа барынша қайраламыз,
Жай-ақ тұрған жүректің шерін көсеп.
Біз бір күні бөтенге айналамыз
Алыс-жұлыс ойлардан шегінбесек.
Көрсетеміз, көндікпей қырсық қылық
Долы теңіз толқыны іспеттеніп.
Сезімді әсте ызаға тұншықтырып
Ерсі тірлік жасауға күштетпелік.
Бұл да дейміз, ғашықтық заңдылығы
Ұрыс-табыс кезекпен кеше-бүгін.
Артық сөздің тек қалып жаңғырығы
Өкпе-назды өшіріп көшеді күн...
Жүрегіміз жүр ме екен мұң ұстасып?
Бақыттың да басынан тыныш тайып...
Соңғы мәрте, алайық «қылыштасып»,
Болды сосын...
Өтінем ұрыспайық...