![](/uploads/shorttexts/author_image/adbe5751f84fd269a29c38db149908c1.jpg)
Алпыс деген немене ...
Алпыс деген немене –
алты шəугім шай емес пе,
Сол шайға қойған алты кесе май емес пе,
Шайын ішіп, майын жеп алғаннан соң,
Көңілің қыз күніндей жай емес пе ...
Алпыс деген немене –
алты жасар бала емес пе,
Сол бала ойнаған алты бұтақ тал емес пе,
Бала кетіп, тал қурап қалғаннан соң,
Қасындағы қатқан қара шал емес пе ...
Алпыс деген немене –
алты шелек сүт емес пе,
Сол сүттен алты қонған құт емес пе,
Құты қонып, қасиеті дарыған соң,
Көктем боп сығалаған үт емес пе ...
Алпыс деген немене –
алты шыққан төбе емес пе,
Сол төбенің алты орған көгі емес пе,
Шөбін тарап, шөмесін үйгеннен соң,
Шалменен бөліп жеген сөк емес пе ...
Алпыс деген немене –
алты асқан қыр емес пе,
Сол қырда алты айтқан сыр емес пе,
Асып алып, сырыңды ашып алып,
Жаздырған мына өмірдің жыры емес пе.
Жанарыңның қайтпаған нұры емес пе –
Алпыс деген!