19.05.2022
  121


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Тар кезiнде тарлан атқа...

Тар кезiнде тарлан атқа
Тақым артқан Тарғын ер,
Ақжүнiстi қолқанатқа
Батыл ерткен Тарғын ер,
Қуа келген Қартқожаққа
Қол қатпаған Тарғын ер,
Қу жебесiн мəрт садаққа
Жолдатпаған Тарғын ер,
Тарғыл-тарғыл таулардан
Мен де асайын деп едiм.
Ақжүнiстей арумен
Қолдасайын деп едiм.
Тар кезеңде тосылмай,
Жолды ашайын деп едiм.
Серiк бола бiлгенмен
Селбесейiн деп едiм.
«Ер» деп еншi бөлгенмен
Елдесейiн деп едiм.
Жарағын ап шыққанмен
Жауласайын деп едiм.
Дарағымды жыққанмен
Дауласайын деп едiм,
Тарланымды тап қылмай
Тағдырым соқты белiме,
Қу жаныма бап қылмай
Қайта алмадым елiме…





Пікір жазу