19.05.2022
  129


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Ерiк-күш жеттi бiр күнге...

Ерiк-күш жеттi бiр күнге,
Тағы да түстiм сүргiнге.
Лепiрген көңiл көл еттi,
Күлдiм бе, өмiр сүрдiм бе?
Күн қалай ерте еңкейдi.
Түн өттi, көңiл сенбейдi.
Тапа-тал түсте тап баспай,
Кiм танымасын мендейдi?
Уақыттың қолы қысқа ма,
Тiрлiктiң жолы нұсқа ма?
Тентiреп ұшқан терiске
Телмiрдiм кейде құсқа да…
Түтiнiм түзу ұшқаны, ə?
Кеуденi басқан ыс қана.
Күн көзiне арбалған,
Үңiлдiм күнбағысқа да.
Күн сайын көрдiм өзiмдi,
Қададым оқты көзiмдi
Екiндiм ерте еңкейдiм
Ерiк-күш бойдан безiңдi.
…Кеудемде жаным үзiлмес.
Тəуекел етем бүтiн кеш.
Жап-жасыл болып жас тiрлiк,
Жайқала қалса, күзiм, кеш…





Пікір жазу