19.05.2022
  133


Автор: Серік Әбіл

ЖАРЛЫНЫҢ ЖАЛҒЫЗ АТЫМЫН

(Жəреке Бекешұлына арнаймын)


Тойға да мініп баратын,
Қойға да мініп баратын.
Кезегі келе қалғанда,
Шана да сүйреп шабатын.
Толтырған тақыр тақымын,
Жарлының жалғыз атымын.
Бала да мініп алатын,
Дана да мініп алатын.
Деп мақтанып қанатым,
Бəйгеге де салатын.
Аяңмен толғар ақылын,
Жарлының жалғыз атымын.
Ешкімді тістеп теппеген,
Ішпегі терден кеппеген.
Оттаса алыс кетпеген,
Дұшпаны қуса жетпеген.
Айналып жүрер жақынын,
Жарлының жалғыз атымын.
Алақанат сауысқан,
Жауырынға жабысқан.
Жауыздыққа жол бермей,
Ауыздыққа қарысқан.
Арқалаған батырын,
Жарлының жалғыз атымын.
Тағдыр басып таңбасын,
Осы жолға салғасын.
Есек емес аттарға,
Жолда қалу - арға сын.
Бапсыз болсам болайын,
Атсыз ием қалмасын!





Пікір жазу