ШҰБАТ ЖЫРЫ
Біздің ауыл сексеуілді, түйелі,
Иелі ел түйесімен киелі.
Құтты дала құдыретін қарашы,
Жыланы да аққа басын иеді.
Тарихтан көштің алдын иелер,
Жүк көтерер атандарын сүйеді ел.
Сиыр емес сүтіменен қадырлы,
Шұбатымен шырайланбас түйелер.
Сүтін сорып інгендерді басқа ұрып,
Тым орынсыз осқырынба, жас жігіт.
Кейде тіпті кеткен бе деп ойланам,
Мына елдің дімкəстығы асқынып.
Шаңырақты көре алмайсың қостардан,
Бұйда, бұрау бəрі
-дағы тасталған.
Інгендері індет үшін қамалып,
Атандар жүр өгіз сынды бос қалған.
Тұғырың боп тұрған шақта Отаның,
Таудан даңқы артық емес жотаның.
Аузындағы нəрін жырып қайтесің,
Ертең жүгі артылатын ботаның.
Қиын күндер қия асырған күшімсің,
Түйелерім құдыретімсің, құтымсың.
Буралары буырқанған егей ел,
Құрсақ емес, ұрпақ жайын түсінсін.
Көңіл жыры- жүрек сыры от алар,
Болашақтың болса екен досы адал,
Ерініме шұбат тиген шақтарда,
Елестейді шөліркеген боталар. . .