19.05.2022
  155


Автор: Серік Әбіл

АЛТАЙДЫҢ ҚЫСЫН АҢСАДЫМ

Тірлікте мынау көрсек те қызық қанша мұң,
Тағдырдың ізі табынып өткен таң сағым.
Ақ мамықтарға бөленген тəтті арманым,
Аязды ақпан Алтайдың қысын аңсадым.
Бөрікті таудың көбікті сағым қырлары- ай,
Көрікті белдің көмкерген жақұт нұрлары- ай.
Шыршалы беткей ұларлы ұлы шыңдар- ай,
Ордалы жұртым ойыма түсіп тұрғаны- ай.
Қара гүлі еді- ау, гүлдердің ерек сарасы,
Ертегі ғұмыр Ертіс пен Қыран жағасы.
Шақшалы шалдың шарапат тұнған тұғыры,
Бақшалы таудың барады артып бағасы. О, менің ғажап меруерт толы мекенім,
Сағынам əр кез зарыға аңсап жетемін.
Сезіндім бүгін, білмеуші ем бұрын не екенін,
Алтайдың қысы арудың түсі екенін.
Бөрілі белде қырандар самғап қияқты,
Жараған бура, жалды айғыр кетпен тұяқты.
Айбатын сыйлап Алтайдың қысы төсіне,
Тауларға сыйлы сыр беріп жатқан сияқты.
Қойларын бастар қарағай мүйіз серкелер,
Тер төгер əлі тебіні бөлек тентек ер.
Ақ сүңгі далам, елесіңменен еліте бер,
Шерте бер еркін күніңді енді, ертегі ел!
Ақ сұңқарлары ақ аюлармен сырласып,
Ақ бөкендері кеткен де шығар шыңды асып.
Ақ қайыңдарың аруың еді
-ау, шын ғашық,
Ақ иықтармен қайтар ма едім мұңдасып.
Жерімнің жүзі қаңтарда қалың қаймақты,
Тарландар ізі тарихын айтар айбатты.
Ерімнің ерен ерлігін көріп қайратты,
Қызыға қарап қиылып талай ай батты.
Алтайдың қысын аңсайды жаным сағынып,
Маң далам мамық ұлпаларына малынып,
Тал- теректері сүңгіден моншақ тағынып,
Аруақты елге сыйлаған шығар ақ үміт.
Əуеніменен əлдилей тербеп əн сағым,
Өзіңде өткен балалық ғұмыр бал шағым.
Ақ жолға салған ақ шашу шашып алдымнан,
Ақ жорға мінген Алтайдың қысын аңсадым.
Киелі тауым кірлетпес жанды аршалым,
Сағындым сені шалдықтым біраз шаршадым.
Ойыма түсіп кетеді кейде барша мұң,
Ардақты анам - Алтайдың қысын аңсадым.
Айбатты далам - Алтайдың қысын аңсадым!





Пікір жазу