19.05.2022
  138


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Тоғай жаққа тығылып жүредi елiк..

Тоғай жаққа тығылып жүредi елiк,
Тымпи қыз тына қалар күле берiп.
«Iшiмдегiм тап» дейтiн тығыршықтың,
Көп жұмбағын қайтейiн бiле берiп…
Ай тауып тұр алыста қораланып,
Бiр салқынның сабатқа қонары анық.
Тымпи қыз-ау, танадай көзiңдегi,
Жұмбақ ойың оқылды жобаланып.
Болыңыз шын бұйырған шығытымыз,
Иектен иен кеттi түбiтiмiз.
Ерке-шора бола алмай ел iшiнде,
Көнге айналған көңiлдi жiбiтiңiз.
Кеулi шауып онда – күн, мұндағы – айға,
Жүрген жайсаң жанарын дымдамай ма?
Отызында отауын оңдап алмай,
Оңашада сөз салып шындамай ма…
Аңғырт басым айтатын əңгiмем-ай!
Əлде өзiңе əңгiмем қалды ұнамай.
(«Бұлақ бойлап қайтпайын жалғыз» десең,
Ақылсызым, аузыңа болғын абай…)
Тоғай жақтан тағы да үн естiлдi,
Ұмытпаған сықылды-ау түн ешкiмдi,
Тымпи қыздың күлкiсi тыйылғасын,
Екеумiзге бiр-бiр мұң үлестiрдi.
Тағы да бастайын бiр əңгiменi,
Алғашқымнан соңғысы мəндi ме едi,
«Шорым» демей мен сенi «жарым» дейiн,
«Шорам» десең қайтедi мəңгi менi…





Пікір жазу