19.05.2022
  140


Автор: Серік Әбіл

СƏЛЕМ САҒАН

Сан ойлар сабылысып санамда арман,
Жолдарға бастым қадам тарамданған.
Оңаша отырған бір сəтте мынау,
Сəлем хат жазайыншы саған, қарғам.
Жырларым шыныменен ұнады ма,
Шыдады ма төзімің сынағыма.
Жым- жылас жатқанымда ой түсіріп,
Назды үнің келе берді құлағыма.
Ай аттап, жыл жылжыды үндемедім,
Білгім кеп сезіміңнің бір дерегін.
Елесің ескірмейді есімдегі,
Қашан да қасымдасың күнде менің.
Адаспайды арманнан асықпаған,
Жаңа мың жыл қойыпты басып қадам.
Сияқтанад сырғалым сырымды айтсам,
Мен əлемге, ал, əлем ғашық саған.
Сəтті болып жылдың бас күндері де,
Бермесем де басқаға жүлдені де.
Алайда ай болды əйтеу бір жұмысым,
Ұмытылғандай болып жүргеніме.


Достықты қашан жаным ұмытқалы,
Көңілім, сені кімдер суытпады.
Сырымды білмей жатып сырғалы ақын,
Қалайша жатсынбады, жуықтады.
Жоқ сырымды білмейді демейінші,
Ақын ғой, ана ғой ол сенейінші.
Сырлары сыртқа шықпас сырлылар ғой,
Қызбен де дос болып бір көрейінші.
Келмейді кей істерді жіліктегім,
Есімде ессіздермен жініккенім.
Үндес боп сияқтанған сый табақта,
Күндес боп кетіп еді жігіттерім.
Жырларың жүрегімді айқара ашып,
Өмірге болғандаймын қайта ғашық.
Кетердей келешегім келбеттеніп,
Сан сұрақ мазамды алып тайталасып.
Жарым түн, ұйқым келмей отыр əлі,
Баса алмадым жүректің отын əлі.
Ай болды сенің салған хаттарыңды,
Күніне неше қайта оқығалы.





Пікір жазу