Жаздыгүн
Жаздыгүн.
Шiлде.
Жалғыз үй жапанда қалып,
Кейiстiк қабақ көрсетер апам да налып…
Транзистордан төгiлер күндегi əуен
Көкiрегiндегi сазындай шопанға қанық.
Қараймыз келiп, қараймыз күн салып қырға.
Көңiлге көшкен көл-сағым мұң салып тұр ма?
Алтын күн кетсе аралап киiз үй төрiн,
Малшынған мəңгi кiм бар-ау мұншалық нұрға?
Жаздыгүн.
Шiлде.
Тоғанның тоқырау тұсы.
Қанатын қақпай даланың отыр-ау құсы.
Ақ тамақ жиi бұлкiлдеп төзедi-ой, қайтсiн,
Алтайға келмес асығып Атырау қысы…
Төземiн мен де ерiксiз – кiшкене шопан.
Талма түс болмай «атыңнан түс» деп едi апам.
«Арағын iшiп, ауылда «гөлəйттап» жүрген,
ағаңның атын арытып, күштеме, ботам…»
Жаздыгүн.
Шiлде.
Ақ қойдан жалықтым мүлде.
Бөлiнiп қалып қояды-ау деп қорықтым күнде.
Қаршадай ұлға қатыгез қараған үлкен,
Аға ма, əлде азап па, жолықтым кiмге?..