19.05.2022
  116


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Сыбдырлатып шырпығандай ши басын....

Сыбдырлатып шырпығандай ши басын,
Ессiз самал iздеп жүрдi қимасын.
Төрт қанатты iшке сыйған жарықтық
Сардалада сыртқа неге сыймасын…
…Киiз үйге аңқылдап кiрiп шыққан, самал-ау,
Туырлықтың етегiн түрiп шыққан, самал-ау,
Сырқат анам хал-жайын бiлiп шыққан, самал-ау,
Жүрегiне жасайтын бар ет қандай амал-ау?
Шидiң басы шулады да ырғалды,
Шiлiңгiрде бiр желпiнiп қыр қалды.
Екi көзi төрт болып жүрген ерғара
Мизам шақтың қызығынан құр қалды.
…Киiз үйге аңқылдап кiрiп шыққан, самал-ау,
Туырлықтың етегiн түрiп шыққан, самал-ау,
Сап-салқын боп енiп ап күйiп шыққан, самал-ау,
Дiмкəс жанның аужайын түйiп шыққан, самал-ау,
Сырқатына жасайтын бар едi қандай амал-ау?





Пікір жазу