19.05.2022
  199


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Таудан аққан тасқын су....

Таудан аққан тасқын су,
Томар боп кеттi тастағым.
Аптығыңды басқын, шу,
Айдалаға қашпағын.
Бұзаубастың басына
Сын туғандай болды ғой.
Жүрегiмнiң басына
Мұң туғандай болды ғой.
Тобылғы түбi томарға
Таң атқанша толар ма?
Томашадай құс келiп,
Тобылғыға қонар ма?
Тобылғы – торы, мен – торы.
Ақтанау атым, сен – торы.
«Торбиең», деген жер едi –
Торықтырды ғой иен төрi.
Таудан бiр аққан тасқын су,
Ойға бiр қашқан қашқын су,
Отырған жерiм – опақ болды,
Тұрған бiр жерiм – сопақ болды.
Бұл – «Торбиенiң» басы едi.
Тортөбел тiрлiк жас едi.
Торы құнаны тобылғы шалды,
Бұл торы бала да аш едi.
Арқадан жауын өткенi,
Аяққа судың жеткенi,
Назалы, сiрə, еткенi,
Мазасы, сiрə, кеткенi…
Тобылғы түбi томарға
Таң атқанша толғанша,
Томаршадай құс келiп,
Тобылғыға қонғанша.
Торы құнан, торы бала
Тоқымыңды қорғала,
Таудан аққан тасқын су
Баққа ма, əлде сорға ма…





Пікір жазу