Сенiң осы жүзi жылы келбетiң...
Сенiң осы жүзi жылы келбетiң,
Бiр күн нұрға толтырады жер бетiн.
Бүгiн сенiң барлығыңды байқамай,
Ертеңгiсiн еңiресе – ел жетiм.
Кiрпiк iлмей күзетедi шетiн ер.
Жетi жылда жетiледi жетiм ел,
Бүгiн оның түрi сұсты, ертесiн
Күнмен бiрге күлмегенге өкiнер…
Айға қарап алақайлап қуанар,
Жақсы жанның жүрген жолын жуа алар.
Күн мен түннiң күлкiсiнен уыстап,
Мейiрi қанар жандар неше туа алар?..
Жүзi жылы, үндемейтiн сол ақын
Жер бетiнiң жалғыз нұры болатын.
Көктемде көл суымен көбейiп,
Күзде кiлең ақ жауынмен толатын…
Айға дейiн қанша мың-мың шақырым,
Айға қарап амандасты ақырын –
Күн жүзiнен күлкi ауысып тұрғанда
Өз жүзiмен нұр шалқыған ақыным.
Мəңгi тасып жата алмайды нұр селi,
Жетi күндiк жолаушы едi, жыршы едi.
Барлығында байқалмайтын ел-жұрты,
Барлығы мен байлығы едi сыр-шерi.
Жетiм қалдық, жесiр қалдық жұбанбай,
Қапелiмде не болғанын ұға алмай.
Жылы нұрды жер бетiне шашып сап,
Өзi жүре берiптi ғой түк алмай…
Сенiң де осы жүзi жылы келбетiң,
Бiр күн нұрға толтырады жер бетiн.
Мейiрiмнiң мекенi боп жүрмесең,
Қайтiп қана көре алмақсың ел бетiн?!.