19.05.2022
  110


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Күн алабұлт...

Күн алабұлт,
Жер де ала –
Теңбiл-теңбiл кең дала.
Тебiрентер ме екенсiң,
Темiр тектес сен бала?…
Құйтырқысыз қой көзiң
Көре алды ма той кезiн?…
Жаңқаланып бiте ме
Темiр тектес ой-төзiм?…
Жүрекке енген бүлiк бар,
Күлетiнiң күлiп қал.
Жан ашуым айғайы,
Жаны жатты тiлiп қал.
Ала-құла өмiрдiң
Тозаңына көмiлдiм.
Темiр тектес басымды
Тот басты да, жеңiлдiм.
Бұлт шақырған емеспiн,
Жұт шақырған емеспiн.
Қойныма енген жыланды
«Ен жақыным» деп өстiм.
Қор тұтқаным – зор екен,
Зор тұтқаным – қор екен.
Құлаш ұра құлшынғаным –
Құрып қойған тор екен…
Мен – қазақтың баласы,
Жазылмаған жарасы.
Кендi Алтайға көз салған
Керауызбен – таласы.
Бетегемнен биiк ем,
Сары даламды сүйiп ем.
Жусанымнан аласа
Болғандарға сүйiнем,
Болмастарға түйiлем.
Бұлт ала да, жер шала,
Шайқалмаған көл шала,
Соны ұқпаған мен шала,
Ұқтырмаған ел шала.
Мен – адамның баласы,
Сүйiнетiн анасы.
Салт-дəстүрiн сағынып,
Сарғаятын санасы.
Жерiм ала, күнiм бұлт,
Көтерiлдiм бүгiн күрт,
Алтай жақта адассам,
Алатауға жүгiндiрт,
Ағайынға жүгiндiрт…





Пікір жазу