19.05.2022
157
Тұйықталды шеңбер...
Тұйықталды шеңбер,
Топ ортаға сен кел.
Аңырсын да айрылсын
Дегбiрiнен демде ел.
Топ ортадан кетпе,
Қызыл тепсiн бетке.
Жұрттың көзiн жаула,
Сытылмағын шетке.
Көздiң сұғын қадап,
Жұрт сыйласын мадақ.
Жүрмегейсiң жүдеп,
Тұрмағайсың жадап.
Сiлкiн дағы серпiл,
Сенiм артқан ел тұр.
Қимылыңмен сүйiндiр,
Қылығыңмен өлтiр.
Құралайдай ойна,
Қан жүгiрсiн бойға.
Қара ағаш боп қатайсаң,
Несiн келдiң тойға.
Тұйықталды шеңбер,
Тұйықталмай сен кел.
Жарқ-жұрт еткен жаныңмен,
Жұрт ауанын меңгер.