19.05.2022
  119


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Тас түссе де көтеретiн бұл тұман...

Тас түссе де көтеретiн бұл тұман,
Менi де ұстап қалады-ау деп бұлқынам.
Айдың жүзiн аманында ұмыттым,
Құмалағым сандырақтар сыртынан…
Боздағымды шығарды ғой боз елес,
Бозқырауда борт-борт желу – сөз емес.
Түйсiгiммен түртiнемiн түк таппай,
Маңдайдағы жара шығар – көз емес…
Құрау-құрау, Қамбар ата түлiгi!
Бүлкiлдеп тұр тұманды əлем бүлiгi.
Түскен тоңды тарпып тастап жүрiп кет,
Құйма тұяқ қалғытпасын тiрiнi.
Ауа қою,
Толғап-толғап жұтамын,
Жол да қою, оңдап-солдап ұтамын.
Тұла бойын аптап салған ақ қырау
Бауырына төгiледi бұтаның.
Тұяқтардың қатқыл үнi қаша алмас,
Ұры құнан сар желiске баса алмас.
Ақтанау боп жатқан əлем түкпiрiн
Қиып түсiп келе жатыр қос алмас.
Таусыла ма, таусылмай ма бұл тұман –
Ауға түскен бекiредей бұлқынам…
Айдың жүзi, күннiң бетiн ұмыттым
«Құйысқаны берiк», дедiм сыртынан…





Пікір жазу