19.05.2022
  196


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Көлденеңдеген көк атты...

Көлденеңдеген көк атты
Кеудемдi көздеп оқ атты.
Өлiмдi жазып маңдайға,
О баста тəңiр жаратты.
Перiштем қаққан қорғасын
Жұртыма тиер болмасын.
Өзiм де кетем бiр күнi,
Əзiрге пiрiм қолдасын.
Көлденең көздiң сұғынан
Қымсынар сəттi ұғынам.
Қылықты қыздай көңiлiм
Үмiттi таңның шығынан…
Көлденең көздер көп едi,
Көтермешiге сеп едi.
Жайраңдап шықсам қайтадан,
Жанымды тəннен сөгедi.
Көлденеңдеген көк атты
Кеудемдi көздеп оқ атты.
Қорғасын тимей сөз тидi,
Бəрiнен бұрын со батты…





Пікір жазу