19.05.2022
  136


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Жез Айдай жасып, тозайын...

Жез Айдай жасып, тозайын,
Күңiренген Күннен озайын.
Күрсiнiп кеудем басылды,
Бола алмай қалып көзайым…
Көзiмнiң алды көк мұнар,
Көгiлдiр қонған жоқ шығар…
Көк тұман ойдың iшiнде
Адасып болдым от құмар.
Қайда жүр түнгi шырақшы?
Қайтесiң шаршап, сұрақшы…
Бəйгiге қосар бестiсiн
Алдырып қойды бiр атшы.
Қолды боп кеттi бiр жүйрiк,
Жел жүйрiк əлде ол жүйрiк…
Көлкiген мұнар iшiне
Күзелмей кеттi жал-құйрық.
Жел үрген көкте жаз Айым,
Қолымды несiн созайын:
Жұлдызда жылт жоқ, сенде нұр,
Тозайын мен де, тозайын…





Пікір жазу