![](/uploads/shorttexts/author_image/adbe5751f84fd269a29c38db149908c1.jpg)
Күз келiп қалып, күмiлжiп тұрды аймағым...
Күз келiп қалып, күмiлжiп тұрды аймағым,
Қаз алды қалқып қарасуымның қаймағын.
Қанаттарынан қараша демдi жел тұрып,
Долана болып бүрiсiп тынды сайдағы үн.
Күнгейге түскен күннiң де нұры сəл-сəл-ақ,
Көшедi бұлттар бауырларына тамшы орап.
Долана сайдан долдана шыққан бiр екпiн
Кетердей кейде жаныңды жұлып, паршалап.
Бұлтиған, момын, момақан мая – ықтасын,
Ықтасын шетке табанын тұяқ нықтасын.
Қара күз осы бауыры суық, басы қар,
Бел алып кетер бетiне түгi шыққасын…
Терiскей беттiң терiсiн əбден жұқартып,
Тұлғалы тасқа табанын тiреп, бұт артып,
Қырық күн бойы құтырар қара суықтан
Ақсүйек қылған жылан жылдағы жұт артық.
Қара суықтан мезi де болған мақұлық,
Азынап тұрар маңайға қара, шақырып.
Iз кесiп жүрiп iндете жетер шақар шал,
Алдыға түспей ауыздан шыққан мəкүрiк…