19.05.2022
  177


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Мен жалғызбын...

Мен жалғызбын.
Ол жалғыз.
Сен де жалғыз.
Жағалаудан таппадық емге жалбыз.
Бiздiң жалғыз жазымыз жалбыздайын
Жоғалыпты жұлмалап келген əр күз
Жоғалады,
Бəрi де жоғалады…
Жанымыз да жоқтауды доғарады.
Құс ұйқысы бұзылмай ұзақ таңға,
Бұлақ байғұс бұйығы боп алады.
Күн сəулесi құлап кеп күлiм-күлiм,
Емдер ернiн жағаның тiлiм-тiлiм.
Менiң жаным емдейтiн сен бармысың,
Сен бармысың, басылмас шын ынтығым?!
Түн жарығы селбесiп ай нұрына,
Айналады алып тау айбынына.
Мəңгiрмей-ақ, мəңгiлiк ұмытсам-ау,
Кеудемдi алған көрiскiш қайғыны да…
Жалғыздықтың бары да жанға уаныш.
Басу айтып, бас изеп қалады таныс.
Арамызда теңiз бар арпалысқан,
Толқынына көмiлдiк – сол қуаныш.
Оқ кетiре бiлмедi жетi белiм,
Үн шығара алмады жетiгенiм.
Көктiң тасы, көмескi Ай сияқтанып,
Күн-күн сайын күмəнмен кетiлемiн…





Пікір жазу