19.05.2022
  149


Автор: Нұрлан МƏУКЕН

Бойтұмар

Қоғам кедей,
Мен де кедей,
Сен де кедей.
Жүрiп жатқан жай-күйдi бiр жөндемей,
Өгiз өлмей, арба сынбай ақырын –
Өлi ұйқылы пəруайсыз пендедей…
Қоғам кедей,
Қайда барам мен асып…
Шидем шекпен шилi ауылға жарасып,
Үлкендерiм үйде отыр бал ашып –
Қоғамымнан қайда барам мен асып?..
Қоғам қотыр,
Сен де қотыр,
Мен қотыр.
Қотыр күйден айықпаспыз, көр де тұр…
Алтын үйiн салып алған өрде отыр,
Қараша үйдi қалқайтқандар төрде отыр…
Жайлы адамнан айналайын жайылған,
Айығармын удай ойдан, уайымнан.
Өзегiмдi өртеп жүрген өзiм бе,
Сыпыртқыны қиып-қиып қайыңнан?..
Қоғамымның ащы болар толғағы,
Бiреу жаман, бiреу жақсы қолдады.
Көңiлiме: «Қанағат қыл», – деп едiм,
Жыртығынан жел уiлдеп болмады…
Көңiлде алаң басылса –
Мойныңа жарың асылса,
Қойныңа келiп енгенше
Бойыңда қаның тасынса;
Қанасын жарып қыз сүйсең,
Аузынан үрiп ұл сүйсең,
Қиыны менен қызығын
Көре де жүрiп мың күйсең…
Қызың өсiп бойжетсе,
Ұлың өсiп, ержетсе,
Хабарын алып ел жетсе,
Жаушы болып жел кетсе;
Қызың барса Қырымға,
Ұлың барса Ұрымға,
Бабаның түссе iзiне
Жол салып өткен бұрында!
Көңiлде алаң басылса –
Көк аспан шайдай ашылса,
Жаһанға барың бiлдiрiп,
Күркiреп қойсаң Қасымша;
Өлеңнiң өртi сөнбесе,
Еш өлшемге көнбесе,
Құдiретi күштi қара өлең
Қайыру бермей, дендесе;
Қатептi қара нар болсаң,
Азабын тартып шығарға,
Құдайым, өзiң жар болсаң…
Батырға батыр қосылса,
Андыздап қолың жосылса,
Қапыңды аңдып жүрген жау
Қайтерiн бiлмей тосылса!..
…Көңiлде алаң басылса,
Сөйлейтiн мен бе ем осынша?!.





Пікір жазу