19.05.2022
  150


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Тəркі етіп дүние қан базарын...

Тəркі етіп дүние қан базарын,
Желменен жалғыз жоқтап жалған əнін.
Мына түн аппақ шашты кейуанадай,
Алладан іштей күткен ақ ажалын.
Алысып асау толқын,
Бұрқасынмен,
Жасы оның тарам-тарам құмға сіңген.
Қара жер оның жалғыз қасіреті,
Құйылған жүрегіне қорғасынмен.
Табаны тілім-тілім,
Тайқы маңдай,
Тағдыры таңғажайып шайхылардай.
Жұлдыздан таспиқ санап таң алдында,
Ішінен аманатын оқығандай.
Күрсінсе ол теңіз тулап,
Тау құлаған,
Қабағы тастай суық,
Қалжыраған.
Оранып айдың аппақ кебініне,
Секілді сүйек біткен саудыраған.
Онсызда бұл кеудемде жарам аздай,
Ендігі өмір мен білмес жағалаудай.
Шығыстан көтерілген мына жалау,
Шығарған сол əжеме жан азадай.





Пікір жазу