19.05.2022
  145


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Сайғақ

Бір ауыз сөз айтқым келеді:
Домбыра тілімен,
Қобыздың үнімен,
Көктемгі көк жусан нілімен,
Аспанын бөрідей шулатып,
Тастарын тұяққа туратып,
Асаулар жалында дүркіреп,
Бұлттардың баурынан сіркіреп,
Бір ауыз сөз айтқым келеді,
Соңғы бір сағатым
соққандай,
Ажалдың аузында
жатқандай.
Жылқыдай жұлқынғым келеді,
Жолсызбен жортатын түн қанша!?
Құйындай құтырғым келеді,
Ішімнен тынғанша.
Шыңырау шыңдардан,
Құлағым келеді.
Иенде елсіз қап,
Жылағым келеді.
Бұрымы бұлаңдап бұлданған бұланың,
Ұйқысын,
Күлкісін ұрлағым келеді.
О, менің күй кеудем сырнайлы,
Даланың желіндей боздайды.
Менсінбес бұл ғапыл дүние,
Бір шумақ жырыма тұрмайды.
Табиғат шыншыл ем өзіңдей,
Мөлдір ем һəм таза көзіңдей.
Жанымды жегідей жейді мұң,
Айтылмай қалған бір сөзімдей.
Мұң артып жүргенде мезгілге,
Сол сөзім кетердей ішімде.
Тосырқай қараушы ем тағдырға,
Шөліркей өсіп ем мейрімге.
Өлімдей тым өткір,
Өмірдей шұбалшаң.
Бір сапар күтеді,
Кешікпей жол алсам.
...Сол бір сөз қабырым басына жазылар,
не бір уыс топырақ боп салынар...
Туған жер, сайғағың бола алсам.





Пікір жазу