Аманат
Шіркін-ай,
Даланы айтшы...
Жылқылар сайдан құлай шұрқыраған,
Асауға құрық тисе шырқыраған.
Бір ащы кермек жырға шөліркеймін,
Кəдімгі қидың исі бұрқыраған.
Дүние-ай!
Бастан аунап бес күндігім,
Шет жайлап, қиыр қонып ескірді күн.
Астынан алты қырдың арша арқалап,
Бір кеңіп қалушы еді-ау кеңсірігім.
Көлінен күй,
сапырып суынан əн,
Жардай атан жаратып жабағыдан.
Аспанда білгеннен соң құстың тілін,
Көн терін көк шуланның жаға қылғам.
Ойларым ормандайын түпсіз еді,
Қиялым қашағандай ұшқыр еді.
Тілімде тиек бар ет домбырамдай,
Бейуаз ем белде жортқан қоңыр аңдай.
Ашуым алдың өткір,
Артың қайраң,
Қоп-қоңыр болдым сосын қоңыр ойдан.
Қобыздай күңіренер күнім қайда?
Безінен қу қайыңның ойып алған.
Бұл күнде...
Қайда барам,
тудым неден?
Қап-қапа жартастаймын күңіренген.
Санамнан бар тарихым сал боп ағып,
Тіл мүкіс,
ойлау бөтен міңгірлеген.
Аңырап аруанадай адасса нар,
Ақ төсі айғызданып Алаш қалар.
Ұл мынау көзінде от жоқ, сөзінде нұр,
Қыз анау,
жел өкпелеу тұзы жеңіл.
Қайда сол қазақы рух қарқарадай?
Қайда сол қазақы иіс аңқаны алмай?
Обыраз жасап сұлу қиялдардан,
Жалған-ай,
жасандыққа жиі алданған.
...Осылай болатынын біледі ақыр,
Осылай үзіле ме күре тамыр?
Осылай өрт алар ма өрісімді?
Бас кетіп, жең ішінен қолым сынды.
Топырақ аруладым аманат қып, –
Бозжусан болмысымды.