19.05.2022
  144


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Қанбайтын бір шөл қысып кенеземде....

Қанбайтын бір шөл қысып кенеземде,
Нені күтем...
Телмірем терезеге.
Құлазып қалар сонда қайран көңіл,
Өмірді бір қырынан көре-көре.
Қаһар жоқ қарашада жауған қардай,
Мейір жоқ сəуірде бір тамған нұрдай.
Көз алдың көне ізге көлбей қалар,
Баяғы шайырлардың тағдырындай.
Көзге ілмей дүр дүние дүрбелеңін,
Қауызын жарып түннің бүрлеп едім.
Осынау кеудемдегі іңкəрлықпен,
Мен сені шексіз сүйсем деген едім.
Мен саған айтсам деп ем сыр жасырмай,
Мен саған күй боп сіңсем, жырға сыймай.
Ып-ыстық маңдайдағы аппақ жұлдыз,
Ып-ыстық жүрегімнің дұғасындай.
Сапырып сағынышын бұл ғаламның,
Бейуақыт жолға шығып боздағанмын.
Менде саған жетермін сол ақ жұлдыз,
Туған жер топырағына құлаған күн.





Пікір жазу