19.05.2022
  129


Автор: Ұмтыл Зарыққан

Неге осы шегем мұң....

Неге осы шегем мұң,
Тартам қайғы,
Неге менің шерім бір тарқамайды.
Менің осы əн ғана жанымды ұғып,
Мені осы күй ғана алдамайды.
Нем бар еді тірлікте қимай қалған,
Жанарымнан жас болып сырғиды арман.
Ана бұлттар бақыттың елесі ме?
Менің ғана кеудеме сыймай қалған.
Көлді аңсаймын,
Көл іздеп шөлге жетем.
Əнді аңсаймын,
Əн қайда зарға бекем.
Жесір бұлттан бір тамшы тамған еді,
Жетімектің жасындай кермек екен.
Неге осы шегем мұң,
Тартам қайғы,
Құлаш-құлаш күй тартшы,
Тарқар қайғы.
Мен бақытқа қол созбан ауыр ғой ол,
Ал, қасірет,
Қасірет алдамайды.





Пікір жазу